Түркістан облысының полицейлері алаяқтық жолмен ақша алмақ болған әйелдерді ұстады
Түркістан облысының полицейлері алаяқтық жолмен ақша алмақ болған әйелдерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданады. Ол өзінің арызында белгісіз біреулер автожуу орталығына келіп өздерін «СЭС» қызметкерлеріміз деп таныстырып, ғимарат дезинфекциялық талаптарға сай емес деген сылтаумен алаяқтық жасап бес мың теңге талап етіп жатқанын жеткізген.
Аталған жайт АПБ-на ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді. Осыған байланысты аудандық тәртіп сақшылары тез арада оқиға орнына жетті. Нәтижесінде полицейлер оңай жолмен ақша табуға тырысқан, күдікті ретінде үш әйел ұстады. Олардың бірі дезинфекция жасаумен айналысатын қызметкер болса, қалған екеуі жұмыссыз Шымкент қаласының тұрғындары болып шықты. Бас шаралары қолхатта. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының тәртіп сақшылары тұрғындарға барынша абай болуға, сенгіштікке салынбауға кеңес береді. Алаяқтардың әртүрлі арбауына түсіп қалмауды ескертеді. Егер сіз осындай алаяқтық фактілерінің құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға «102» телефоны арқылы хабарласыңыз.