Түркістан облысының полицейлері алаяқтықпен айналысқан Атырау облысының тұрғынын анықтады
Түркістан облысының полицейлері жұмысқа орналастырамын деп бірнеше адамды алдаған Атырау облысының тұрғынын ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам аудандық полиция басқармасына бірнеше жергілікті тұрғындар арызданады. Жәбірленуші ер адамдардың айтуынша, олармен өздері жақсы танымайтын біреу телефон арқылы байланысып, сенімдеріне кіріп, Атырауға жұмысқа орналастырып беремін деп 150 мың теңгеден ақшаларын алып алған. Алайда, ақшаны иемденген алаяқ уәдесін орындамай, не ақшасын қайтармай жәбірленушілерді әбігерге салады. Содан кейін сайрамдық тұрғындар алаяқтың құрбаны болғанын түсініп, полициядан көмек сұрайды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.
Орын алған алаяқтық қылмысын ашып, алаяқты анықтауға байланысты полицейлер шұғыл жедел іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде тәртіп сақшылары күдікті азаматты анықтап, оны тұрғылықты мекен жайынан ұстады. Ол Атырау облысының тұрғыны болып шықты. Полицейлер күдікті жігітті Сайрам аудандық Полиция басқармасына жеткізді.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті сайрамдық танысы арқылы жұмыс іздеп жүргендердің телефон нөмірлерін алып, олармен хабарласып, алдап ақша алған. Осылайша күдікті ер азамат пайдакүнемдік ниетпен алынған ақшаны өз қажеттілігіне жұмсап жіберген. Сондай-ақ полицейлер ұсталған азаматтың дәл осындай жолмен жалпы 12 адамнан ақша алғанын анықтады. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі екі миллионға жуық теңгені құрады. Күдікті қамауда. Қазіргі таңда ұсталған ер азаматқа қатысты тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері облыс тұрғындарына таныс емес азаматтарға сенбеуді, алаяқтың арбауына түсіп қалмауды ескертеді. Кез келген күмәнді ұсыныстарды қабылдамай, тек заң аясында жұмыс жасауға кеңес береді.