Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері зейнеткердің ұрланған ұялы телефонын тауып берді

Түркістан облысының полицейлері зейнеткердің ұрланған ұялы телефонын тауып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Арыс АПБ-ға жергілікті тұрғыннан арыз түседі. Ол өз арызында ойда-жоқта ұялы телефонын ұрлатып алғанын жеткізеді. Яғни жасы 70-ке таяған ақсақал банктердің біріне зейнетақысын алуға барып, банкоматтың алдында ұялы телефонын қалдырып кеткен.

Арадан бірер минут өтпестен қайта барғанында телефон ұшты-күйлі жоқ болып шығады. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеді. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 70 мың теңгені құрайды.

Бұл ұрлық қылмысы бойынша полицейлер жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Жан-жақты тексеру жұмыстарын жүзеге асырып, көрген-білгендерден жауап алды. Учаскелік полиция инспекторлары бейнебақылау камераларын тексерді, барлық қажетті шараларды атқарды. Соның нәтижесінде ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке-басын анықтап, бір күн ішінде ұстады. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.

Белгілі болғандай, күдікті әйел жәбірленушінің ұялы телефонының қараусыз тұрғанын көріп, ешкімнің назар аудармай тұрғандығын пайдаланып, тез арада оңай олжасын қалтасына салып, оқиға орнынан бой тасалаған. Осылайша күдіктінің үйінен айғақты зат ретінде ұялы телефон алынып, заңды иесіне қайтарылды. Әйелдің бас шарасы «қолхатта». Бүгінгі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысы полицейлері азаматтарға бағалы заттарыңыз бен ұялы телефондарыңызға, әмияндарыңызға сақ болыңыздар деп ескертеді. Қалта ұрыларының көзіне түспес үшін бағалы заттарыңызды көрсетпей, аузы жабық сөмке ішіне салып қойыңыздар деп кеңес береді. Сондықтан полицейлер жеке мүлікке мұқият болып, сақтық шараларын қолдану қажеттілігін ескертеді. Мүліктің кез-келген түріне қырағылықпен және жауапкершілікпен қарағанда ғана мұндай жағдайларды азайтуға болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру