Түркістан облысының полицейлері бірнеше ұрлыққа қатысы бар төрт жігітті ұстады
Түркістан облысының полицейлері бірнеше ұрлыққа қатысы бар төрт жігітті ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінде елімізде көп орын алатын қылмыс түрі – ұрлық. Яғни, оңай жолмен ақша тапқысы келетіндер арам пиғылдарын іске асырып, бөтеннің мүлкін жымқыруды әдетке айналдырған. Осындай кезекті ұрлық қылмысы Сайрам ауданында ашылып, күдікті ретінде төрт бірдей жас жігіт ұсталды.
Нақтырақ айтсақ, Сайрам АПБ-ға бір күнде ауылдас төрт тұрғын шағымданып келген. Жәбірленуші ер адамның бірі ГАЗель көлігінің қозғалтқышы ұрланғанын жеткізсе, екіншісі тұрғын ауласында тұрған екі қазанын, самаурынын, темір ошағын белгісіз біреулер жымқырып кеткенін көрсеткен. Келесі жәбірленуші бес жылу беретін батареясы ұрланғанын айтса, ал төртінші жәбірленуші 400 метр болатын электр сымдарын ұрылар қолды еткенін жеткізген. Жәбірленуші тарапқа келтірілген шығын көлемі 800 мың теңгеден асады.
Сайрамдық сақшылар аталған қылмыстық істерді бір өндіріске біріктіріп, ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркеуге алды.
Орын алған ұрлықты ашып, кінәлілерді құрықтауда тәртіп сақшылар бірден іске кірісті. Куәлардан сұрастырып, жедел әрекет етті. Осылайша жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктілердің жеке басы анықталып, ұсталды. Олар жұмыссыз жас жігіттер болып шықты.
Белгілі болғандай, ақша керек болған жас жігіттер түнгі уақытта арам ойларын іске асырған. Оңай олжаларын үй иелеріне байқатпай ауладан, сондай-ақ жөндеу жүргізіліп жатқан үйлерден жымқырған. Ұрланған заттарды металл қабылдайтын орынға өткізіп, ақшаны бөліп алған. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.