Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері демалуға келген қарағандылықты тонаған жігітті ұстады

Түркістан облысының полицейлері демалуға келген қарағандылықты тонаған  жігітті ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Келес аудандық полиция бөліміне Қарағанды облысының тұрғыны, ІІ-топ мүгедегі арызданды. Ол Түркістан облысындағы демалыс орнына ем алуға келгенін, содан қайтар кезінде тонау қылмысының құрбаны болғанын жеткізді. Яғни оған автобекет маңында белгісіз жігіт күш көрсетіп, iPhone 7 ұялы телефоны мен 50 мың теңге ақшасын тартып алған. Қолындағы барынан айырылған жәбірленуші, бірден полицейлерден жәрдем сұрайды.

Хабар алысымен полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау) бойынша тіркеуге алды. Оқиға орнына бірден полицияның жедел-тергеу тобы шығып, сұрастыру жұмыстарын атқарды. Жақын аймақтарды және күдіктінің басқа баруы мүмкін жерлерді қарап шықты. Тәртіп сақшыларының тәулік бойы үзіліссіз жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, ұрланған ұялы телефон сауда орындарының бірінде телефон алып-сатумен айналысатын дүкеннен табылды. Сатушыдан жауап алу барысында, телефонды танысы «өзімдікі, сатып берсең» деп тастап кеткені анықталды. Осылайша жедел ақпарат көздері арқылы полицейлер, күдіктіні өзінің тұрғылықты мекенжайынан ұстады. Оны полиция бөліміне жеткізді.

Белгілі болғандай, ұсталған ер адам жәбірленушінің жалғыз жүргенін және физикалық әлсіздігін пайдаланып, теріс әрекет жасауды ойлайды. Сол мақсатта жәбірленушінің ұялы телефоны мен ақшасын тартып алып, оқиға орнынан қашып кеткен. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарды сақ болуға шақырады. Тонау жайттары орын алса, тез арада полицияның «102» телефонына хабар беріңіздер. Уақытында берілген ақпарат қылмыстың «ізін суытпай ашуға» толық мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру