Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сайрамдық ер адам 3 тонналық темір бөшкені ұрлап кетті

Түркістан облысының полицейлері үш тонналық темір бөшкені ұрлаған күдікті азаматты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сайрам ауданы Полиция басқармасына жергілікті тұрғыннан арыз келіп түскен. Онда өзінің ауласында тұрған үш тонналық темір бөшкесін белгісіз азамат ұрлап кеткенін көрсеткен.

Жәбірленуші азаматқа келтірілген жалпы шығын көлемі 200 мың теңгеге жуық. Аталған дерек ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша СДТБТ-ға тіркелді.

Полиция қызметкерлері аталған хабарлама бойынша жедел-іздестіру шараларына бірден кірісті. Тәртіп сақшылары жан-жақты тексеру жұмыстарының нәтижесінде, ұрлық жайтын жасады деген күдікпен жергілікті тұрғынды ұстады. Қазіргі таңда күдікті азаматқа қатысты жинақталған іс құжаттар заңды шешім қабылдау мақсатында Сайрам аудандық сотына жолданды.

Белгілі болғандай, күдікті азамат оңай жолмен олжа табуды көздеп, көршісінің үйіне ұрлыққа түскен. Аталған затты жүк тасымалдайтын көлікке артып, оқиға орнынан алып кеткен. Осылайша, оны әлеуметтік желі арқылы тұрғындардың біріне сатып, ақшасын өз қажеттілігіне жұмсаған.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға жеке мүліктеріне ие болуды, қараусыз қалдырмауды ескертеді. Егер сіз ұрлықтың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, тез арада “102” нөмірі арқылы полицейлерге хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру