Түркістан облысының полицейлері діни қызметке қатысты заңды бұзған тұрғынды анықтады
Түркістан облысының полицейлері діни қызметке қатысты заңды бұзған тұрғынды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР ІІМ-нің 2022 жылға арналған кешенді жоспарын іске асыру бойынша Түркістан облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізді. Яғни, түркістандық полицейлер жедел-профилактикалық іс-шара өткізу кезінде WhatsApp мессенджерінде діни сипаттағы сабақтар өткізу туралы хабарландырудың жарияланғанын анықтады.
Тексеру барысында полицейлер бұл «бизнес-аккаунт» діни бағыттағы онлайн-оқыту жүргізетін Кентау қаласының тұрғынына тиесілі екенін, оның заңсыз миссионерлік қызметпен айналысатынын білді.
Аталған жайт ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабымен (Қазақстан Республикасының Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу) тіркеліп, әкімшілік хаттама толтырылды. Тәртіп бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жинақталған іс құжаттар Кентау қалалық сотына жолданды.
Жалпы, жыл басынан бері Түркістан облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қырағы қызметкерлерімен деструктивті діни ағымдардың жақтаушыларына қатысты 375 әкімшілік хаттама толтырылса, оның 10-ы діни сипаттағы құқық бұзушылықтар. Анықталғандарға әкімшілік айыппұл салынып, жауапкершілігі қаралған.