Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері дүкендерге ұрлыққа түскен шымкенттік жігіттер қолға түсті

Түркістан облысының полицейлері дүкендерге ұрлыққа түскен шымкенттік жігіттерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ордабасы аудандық полиция бөліміне кәсіпкерлікпен айналысатын жергілікті тұрғын арызданады. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оның үйінің жанынан ашылған дүкеніне белгісіз біреулер ұрлыққа түсіп, 55 мың теңге ақшасы, темекі мен шоколадтарын жымқырып кеткен. Келтірілген шығын көлемі 200 мың теңгеден асады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алынды.

Ордабасылық полицейлер ұрыны ұстауға шұғыл кірісіп, жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Көрген-білгендерден сұрастырды. Кәсіби шеберлігі мен қырағылығы арқасында полицейлер қылмысқа күдіктілердің ізіне шықты. Содан күні-түні жүйелі жүргізілген жұмыс нәтижесінде жеңіл жолмен ақша таппақ болған шымкенттік екі жігіт ұсталды. Қала көшелерінің бірінен ұсталған күдіктілер, АПБ-ға жеткізілді.

Тергеу күдікті екі достың оңай жолмен ақша табу мақсатында арнайы Шымкенттен Ордабасыға келіп, түнгі уақытта дүкеннің есігін бұзу арқылы кіргенін анықтады. Және тағы бір дүкен ұрлығын жасағаны белгілі болды. Мұнда жәбірленушіге 100 мың теңгеге жуық залал келтірген. Қазіргі таңда күдіктілердің бұдан басқа да ұрлықтарға қатыстылығы айқындалуда. Бас шарасы «қолхатта». Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қылмыстық қолсұғушылықтан қорғанып, өз мүлкіне ұқыпты болуын ескертеді. Әсіресе, сауда орындарының қауіпсіздігі мен күзетіне ерекше мән беріп, дүкендерге мықты есік, терезелерге темір тор орнатып, ғимаратты бейнекамералар және дабыл жүйесімен қамтамасыз етуді сұрайды. Егер де, сіз, ұрлық немесе тонаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, онда тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыздар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру