Түркістан облысының полицейлері дүкеннен ұялы телефон ұрлаған Атырау тұрғынын ұстады
Түркістан облысының полицейлері дүкеннен ұялы телефон ұрлаған Атырау тұрғынын ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келген. Жәбірленуші жігіттің айтуынша, өзі жұмыс жасайтын дүкенде белгісіз біреу «IPhone Х» маркалы ұялы телефонын ұрлап кетіп, 250 мың теңге шығын келтірген.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде бейнебақылау камераларындағы жазбаларды мұқият тексерді. Нәтижесінде жедел уәкілдер дүкенге сатып алушының кейіпінде кіріп, қараусыз қалған смартфонды ұрлап, қашып кеткен күдікті азаматты байқады.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Сайрам АПБ полицейлері күдікті ретінде бұрын сотты болған Атырау облысының тұрғынын ұстады. Полицейлер барлық мән-жайларды анықтау үшін ұсталған азаматты аудандық полиция бөліміне жеткізді. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Белгілі болғандай күдікті азамат ұрланған ұялы телефонды Шымкент қаласындағы сауда орталықтарының біріне алып барып сатып жіберген. Ал ақшасын бас пайдасының қажеттілігіне жұмсаған.
Осындай жағдайлардың алдын алу үшін Түркістан облысының полицейлері азаматтарға сақ болуға және бағалы заттарды қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Ұялы телефондар мен әмияндарды көзге көрінбейтін жерде сақтау керектігін ескертеді. Сондай-ақ сауда орындарында бейнебақылау камералары мен күзет дабылын орнатыңыздар. Егер, сіз, бөтеннің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, тез арада полицияға «102» телефоны арқылы хабарласыңыз.