Түркістан облысының полицейлері екінші рет мас халде көлік басқарған жүргізушіні ұстады
Түркістан облысының полицейлері екінші рет мас халде көлік басқарған жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отырар АПБ-ның полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау мақсатында, күнделікті жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша рейдтік-профилактикалық іс-шараларын жүргізуде. Осындай шара барысында Отырар АПБ полицейлері ішімдік ішіп, көлік басқарған жүргізушіні анықтады.
Полицейлер кешкі сағат 18:30 шамасында күнделікті жұмыстарын жүргізу барысында, жол жүру ережелерін өрескел бұзып келе жатқан автокөлікті байқады. Содан соң оны тексеру кезінде тәртіп сақшылары жүргізушінің осыдан төрт ай алдын мас халде көлік басқарғаны үшін жеті жыл мерзімге автокөлік басқару құқығынан айырылғанын анықтады. Осыған қарамастан екінші рет алкогольдік масаң халде көлік басқаруына күдіктенген полиция қызметкерлері жергілікті тұрғынға қатысты медициналық сараптама тағайындады. Куәландырудың қорытындысына сәйкес жүргізушінің мас екені расталды.
Полиция қызметкерлері көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан екінші рет мас халде автокөлік тізгіндеген жүргізушіге қатысты жайтты ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша тіркеді. Қазіргі таңда аталған жайт бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері автокөлікке мас халде отырмаңыз, бұның соңы жазатайым оқиғалар мен өлімге әкеп соқтыруы мүмкін екендігін ескертеді.