Түркістан облысының полицейлері есірткі жарнамалаған 214 сайтты анықтады
Түркістан облысының полицейлері жыл басынан есірткі жарнамалаған 214 сайтты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz
Түркістан облысының полицейлері интернет әлеміндегі есірткі саудасына тосқауыл қою, есірткі қылмысының алдын алу мақсатында қарқынды жұмыс жүргізуде.
Мәселен, жыл басынан бері ПД-ның Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының полицейлерімен осындай заңсыз әрекетпен айналысатын 214 есірткі сайты анықталып, оларды бұғаттау бойынша шешім қабылдау үшін құзыретті мемлекеттік органға жолданған.
Жалпы, облыс полицейлері 9 ай ішінде 165 есірткі қылмысын тіркеді. Оған қоса 208 есірткі теріс қылықтары анықтады. Оның ішінде 19-ы есірткі сату қылмысы, 19-ы аса ірі көлемде есірткі затын сақтау, 55-і есірткі контрабандасы.
Есірткі өсімдігін еккен 69 дерек анықталды. Сондай-ақ 200 мың түптен астам сора өсімдігі табылып, жойылды. Заңсыз айналымнан 1,5 тоннаға жуық түрлі есірткілер тәркіленіп алынды.