Түркістан облысының полицейлері көлігі бұзылып қалған егде жастағы әйелге көмектесті
Түркістан облысының полицейлері көлігі бұзылып қалған егде жастағы әйелге көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жолға шыққан жүргізушілер мен жолаушылар түрлі қиындықтарға, келеңсіз жағдайларға тап болып жатады. Осындай кезде полицейлер көмек қолын созып, жолда қалғандарға қолғабыс етіп, алғыс алатын кездер де аз емес.
Мәселен, патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Шардара ауданы трассаларының бірінде жол бойында тоқтап тұрған Daewo Nexia көлігін көріп, жанына жақындайды. Жүргізушіден қал-жағдайын біліп, қандай да бір көмек керек пе деп, жөнін сұрайды. Белгілі болғандай, көлігі бұзылған жүргізуші әйел бір сағаттай жол бойында тұрып қалған көрінеді. Содан тәртіп сақшылары бірден әрекет етіп, аталған көлікті сүйреп, діттеген жеріне дейін жеткізеді.
– Жол бойында көлігім бұзылып тұрғанда қаншама көліктер өтіп кетіп жатты. Ешқайсысы көмектеспеді. Бір кезде жаныма қызметтік көліктерімен полицейлер тоқтады. Ризамын, олар жағдайымды біліп, дереу көмектесті. Олар Ұзын ата елді мекенінен, Алатау ауылына дейін 10 шақырымға сүйреп әкелді. Алла разы болсын. Осындай қиналғанда қолдау білдіретін жігіттеріміз көп болсын. Жұмыстары алға бассын, – деп ризашылығын жеткізді әйел.
Анықталғандай, жүргізушіге жәрдем еткендер ППТ аға инспекторы Руслан Мырзабаев пен инспектор полиция Нұрсұлтан Айдарбеков болып шықты. Аталған тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғаларының алдын алу, болдырмау мақсатында күнделікті қызметтерін жасап жүріп, көмек қажет еткен жанға көмектесіп, игі іс жасаған.