Түркістан облысының полицейлері көші-қон заңнамасын бұзудың 30-дан астам дерегін анықтады
Түркістан облысының полицейлері көші-қон заңнамасын бұзудың 30-дан астам дерегін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен Түркістан қалалық полиция басқармасы полицейлері бірлесіп, «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында облыс орталығы базарларының бірінде рейд өткізді.
Тәртіп сақшылары атқарылған жұмыс нәтижесінде құжаттарының бар-жоғын және олардың республика аумағында болуының заңдылығын тексеру үшін 63 шетел азаматын көші-қон полициясы бөлімшесіне жеткізді.
Мәселен, Қазақстан Республикасында тіркеусіз тұрғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 492-бабы бойынша 5 Өзбекстан азаматы, белгіленбеген жерлерде сауда жасағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 204-бабы бойынша 9 заң бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал көші-қон саласындағы ҚР заңнамасын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабымен Өзбекстанның 21 азаматына әкімшілік хаттама толтырылды.
Полицейлер көші-қон заңнамасын бұзушылардың алдын алып, жолын кесу бағытында осындай шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.