Түркістан облысының полицейлері мал ұрлағына қатысы бар үшеуді ұстады
Түркістан облысының полицейлері мал ұрлағына қатысы бар үшеуді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шардара АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданған. Жәбірленуші азаматтың айтуынша, кешкі уақытта өрістен құны 300 мың теңге болатын екі сиыры келмей қалған. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Осы оқиғаға байланысты Шардара АПБ КПБ-ның қызметкерлері қылмыс орын алған аумақта жедел іздестіру іс-шараларын жүргізді. Көрген-білгендерден жауап алды. Нәтижесінде жинақталған ақпарат көздері арқылы күдікті ретінде үш жігіттің жеке басы анықталды. Олар жергілікті тұрғындар болып шықты. Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті үш азамат өзара келісіп, қолайлы уақытты күткен. Содан соң түнгі уақытта өрісте жүрген малдарды ұрлап, Шымкент қаласының мал базарларының біріне алып барып, екі сиырды 150 мың теңгеге бағалап сатып жіберген.
Арам жолмен тапқан ақшаларын күдікті үшеу теңдей бөлісіп, құмар ойындарына жұмсаған.
Өз кезегінде, тәртіп сақшылары облыс тұрғындарына қырағы болуға және өз мүлкін сақтау үшін қажетті шаралар қабылдауға кеңес береді. Мүмкіндігінше аулалар мен қора-жайларын сенімді құлыптармен және қоршаулармен нығайтқаны жөн. Малды таңбалап, ен салдыру керек. Сондай-ақ бақташы жалдау қажет. Егер сіз мал ұрлығының, болмаса өзгенің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға 102 нөміріне хабарласыңыз.