Түркістан облысының полицейлері Opel жүргізушісінен марихуана тапты
Түркістан облысының полицейлері Opel жүргізушісінен марихуана тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қызмет атқару кезінде Түркістан ҚПБ ЖПҚ патрульдік полиция инспекторлары облыс орталығы көшелерінің бірінде Opel Vectra автокөлігінің жүргізушісін қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін тоқтатты. Жүргізушінің құжаттарын тексеру кезінде полицейлер көлік ішіндегі сөмкеден есірткіге ұқсас заты бар қағаз орамаларды тапты. Патрульдік инспекторлар бұл туралы қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне хабарлап, бірден жедел-тергеу тобын шақырды.
Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобының қызметкерлері Түркістан қаласының тұрғынынан өзіне тән иісі бар есірткі заты салынған бес қағаз ораманы тәркіледі. Алынған заттай дәлелдемелер сараптамаға жіберілді. Барлық мән-жайды анықтау үшін ұсталған жүргізуші Түркістан ҚПБ-ға жеткізілді. Орын алған оқиға патрульдік полиция қызметкерлерінің бейнежетонына жазылған.
Аталған жайт СДТБТ-ға ҚР ҚК-нің 296-бабымен (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша тіркелді. Қорытындыға сәйкес, тәркіленген есірткі марихуана болып шықты.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қолхатта. Тергеу барысы ер адамның есірткіні қандай мақсатта сақтағанын анықтайтын болады.