Түркістан облысының полицейлері оқушыларға ЖҚЕ бойынша сабақ өткізді
Түркістан облысының полицейлері оқушыларға жол қозғалысы ережесі бойынша сабақ өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz
Жол-көлік оқиғасынан болатын жарақаттану жайттарының алдын алу мақсатында Созақ ауданының полицейлері жол қозғалысы ережелерін сақтауға, жол апаттарының алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар өткізді. Ондағы негізгі мақсат – оқушылардың көшеде және қоғамдық көлікте қауіпсіз жүріс-тұрысының білімі мен дағдыларын бекіту.
Акция аясында Созақ аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Ержан Нұрғазиев Ы.Алтынсарин, Ә. Молдағұлова атындағы орта мектептердің 8-11 сынып оқушыларымен кездесті. Тәртіп сақшылары оқушыларға жолдардағы қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін түсіндірді, сондай-ақ құқық бұзушылық жасағаны үшін оның ішінде ата-анасының еріп жүруінсіз түнде үйден тыс жерде болғанына жауапкершілік барын ескертті.
Сонымен қатар полицейлер жасөспірімдердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мен ата-ана, педагогтардың назарын жол бойындағы балалардың қауіпсіздігіне аудару туралы айтып берді.
Кездесу соңында полиция қызметкерлері оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап берді. Ал педагогтар мен оқушылар тәртіп сақшыларына қызықты әрі пайдалы сабақтары үшін алғыстарын білдірді.