Түркістан облысының полицейлері Ордабасы ауданында жоғалып кеткен баланы іздеуге қатысқандарға алғыс білдірді
Түркістан облысының полицейлері Ордабасы ауданында жоғалып кеткен баланы іздеуге қатысқандарға алғыс білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Естеріңізге сала кетейік, Ордабасы АПБ-нің 102 пультіне Шұбарсу ауылының тұрғыны белгісіз бағытқа кетіп, қайтып оралмаған 8-сынып оқушысы кәмелетке толмаған баласының хабар-ошарсыз кеткенін айтқан болатын.
Хабарды алған Ордабасы ПБ-нің полицейлері жедел және іздестіру іс-шараларын өткізді, соның ішінде жақын маңдағы барлық аумақтарды аралап, куәгерлермен сұхбаттасты. Жоғалған баланы іздеуге еріктілер, жергілікті тұрғындар және мүдделі органдардың өкілдері де қатысты.
Іздестіру нәтижесінде полиция қызметкерлері өз үйінің ауласындағы септикте 14 жастағы баланың денесін тапты, ол оқыс жағдайдан қайтыс болды деп болжануда.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Сараптама тағайындалды.
Түркістан облысының полицейлері қаза тапқан баланың туыстарына көңіл айтады және жоғалған баланы іздеуге белсенді қатысқан барлық азаматтарға алғыс білдіреді.
Сондай-ақ тәртіп сақшылары балаларын қараусыз қалдырмау қажеттілігі туралы ескертеді. Егер сіздің балаңыз жоғалып кетсе, дереу полицияға 102 телефонына хабарласыңыз.