Түркістан облысының полицейлері қар құрсауында қалған жүргізушілерге көмектесті
Түркістан облысының полицейлері қар құрсауында қалған жүргізушілерге көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен аптаның демалыс күндерінен бері Түркістан облысы аумағында қалың қар жауып, боран басталды. Бірнеше күн бойы қатты жел соғып, қалың қардың салдарынан облыс жолдарында көлік қозғалысы қиындады. Ауа райының қолайсыздығы тіпті кейбір жолаушыларды жолда қалдырды. Осындай сәтте азаматтардың амандығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Түркістан облысының бүкіл жеке құрам қызметкерлері облыс жолдарына жұмылдырылды. Біршама жолаушылар мен көліктерді құтқарып, көмек қолын созды.
Мәселен, Бәйдібек АПБ-нің полиция қызметкерлері ауа райының кенеттен бұзылып кетуіне байланысты қауіптілігі басым, қар көп жауатын аймақтарды толық қарап шықты. Осындай тексеру кезінде учаскелік инспекторы Думан Босбаев пен Бекзат Лесбек екеуі Ақтас ауылдық округі Жарықбас ауылында орналасқан Шыбық бел асуында қарға батып, жүре алмай тұрған екі бірдей жеңіл көлікті алып шықты. Яғни, өздерімен әрдайым алып жүретін құрал-жабдықтарымен көліктерді тартып шығарды. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары екі көліктің жолаушыларын құтқарып, қауіпсіз аумаққа шығарды.
– Рақмет, еңбектеріңіз жана берсін! Түркістан облысы полиция қызметкерлеріне алғыс айтамыз! Қыстың суығында жолда қалу өте қиын. Десек те, полицейлердің қамқорлығы мен жанашырлығы нәтижесінде, көлігімізді шығарып алдық, – деп жолаушылар жылы лебіздерін білдірді.