Екібастұзда бір айда 5 жол-көлік оқиғасы орын алды
Екібастұзда бір айда бес жол-көлік оқиғасы орын алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың қаңтар айында Екібастұз қаласында бес жол-көлік оқиғасы орын алды. Нәтижесінде, екі адам қаза тапты, алты адам түрлі жарақат алды. Жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі – жүргізушілердің жеке тәртіпсіздігі. Соның салдарынан қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығу, қозғалыс жылдамдығының артуы, маневр жасаудың бұзылуы, жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту қағидаларының бұзылуы және мас күйінде көлік құралдарын басқару сияқты бұзушылықтардан жол-көлік оқиғасы орын алуда.
– Полиция қызметкерлері қаңтарда жол қозғалысы ережелерін бұзудың 460 дерегін анықтады, – деді Екібастұз қалалық ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Төлеген Құдайбергенов.
Көлікті мас күйінде басқарған 14 жүргізуші анықталды. Бұзушылар ҚР ӘҚБтК 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысы 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар, азаматтар жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылған екі жүргізуші қылмыстық жауапкершілікке тартылды.