Түркістан облысының полицейлері қаза тапқан әріптестерін еске алды
Түркістан облысының полицейлері қаза тапқан әріптестерін еске алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш аудандық полиция бөлімінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Осыдан соң полицейлер қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан әріптестерін еске алды.
Оған Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары Бағлан Халықов, Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев, Сарыағаш АПБ бастығы Ермек Нұралиев, ішкі істер органдарының ардагерлері, қаза тапқан қызметкерлердің жұбайлары мен туыстары, аудандық полиция бөлімінің құрметті қонақтары мен жеке құрамы қатысты.
Өз сөзінде ТО ПД бастығының орынбасары Бағлан Халықов қатысушыларды маңызды оқиға – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің З0 жылдығымен құттықтап, қылмысқа қарсы күресте үнемі алдыңғы қатарда жүрген, өз өмірін жиі қауіп-қатерге тігетін полицейлердің құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесін атап өтті. Қызметтік борышын атқару барысында қаза тапқан әріптестерімізді еске алу және құрметтеу біздің міндетіміз. Полицейлерге сөз арнаған полиция полковнигі Б. Халықов қызметте сәттілік пен азаматтардың қауіпсіздігін қорғау ісінде лайықты болуды тіледі. Аудан әкімдігінің басшылығы, ардагерлер мен шақырылған қонақтар да өз құттықтаулары мен тілектерін білдірді.
Одан әрі қаза тапқан полиция қызметкерлеріне арналған мемориалға гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Жиналған қонақтар, жеке құрам мен ардагерлер әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алды.
Сондай-ақ Тәуелсіздік күніне орай Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің 50-ден астам қызметкеріне міндеттерін адал атқарғаны және мінсіз қызметі үшін медальдар, грамоталар мен алғыс хаттар табысталды. Ал қаза тапқан сақшылардың жұбайларына сый-сияпаттар тарту етілді.