Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлттық ұланда үздік тиктокерлер анықталды

Ұлттық ұланда үздік тиктокерлер анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланындағы әскери қызметті насихаттау мақсатында мерзімді әскери қызметшілер арасында TikTok әлеуметтік желісіндегі ең үздік бейнеролик байқауы өтті.

Байқауға қатысу үшін барлығы 62 бейнеролик келіп түсті, оның ішінде талаптарға сай 19-ы Ұлттық ұланның TikTok әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жарияланды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер қаралым саны бойынша анықталды.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды 6679 әскери бөлімінің материалдық-техникалық қамтамасыз ету ротасының маманы (аспазы) қатардағы жауынгер Евгений Черкашин иеленді (бейнеролик 90,3 мың рет қаралған). Екінші орын – 5511 әскери бөлімінің 2-атқыш ротасының жауынгері қатардағы Әли Ғабдікәрімге бұйырды (бейнеролигі 52 мың қаралым жинады). Үшінші орынды Әскери институттың бірінші оқу батальоны екінші оқу ротасының курсанты қатардағы жауынгер Алдияр Тілеуқабыл иеленді (бейнеролик 41 мың қаралым жинаған).

Байқау барысында әскери қызметшілер тапқырлық, шығармашылық және әлемнің заманауи, қарқынды дамып келе жатқан әлеуметтік желісі арқылы Ұлттық ұлан қатарындағы әскери қызмет туралы өз ойларын жеткізе білу қабілетін көрсетті.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының атынан иеленген орындарға сәйкес 100, 50 және 30 мың теңге көлемінде сыйақы тағайындалды. Сонымен қатар, байқауға белсенді қатысқан басқа да бейнероликтердің 16 авторы алғыс хаттармен марапатталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру