Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлттық ұланда жаңа оқу кезеңі басталды

Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде 2022 жылдың жаңа оқу кезеңі басталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Осы күні құқықтық тәртіп әскерінің өңірлік қолбасшылықтары мен әскери бөлімдерінде, құрамалардың әскери қалашықтарының аумағында  эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, оқу-профилактикалық шаралардың кешені өткізілді.

Жаңа маусым басталмас бұрын ұландықтарға еліміздегі қаңтар оқиғасының сабағы мен зардаптары жеткізілді. Айтып өту керек, жаппай тәртіпсіздік кезінде 400-ден аса әскери қызметші жарақат алса, екеуі қаза тапты. Бұл тұрғыда бірде-бір ұландық сарбаз жауынгерлік сапты тастамай, қойылған тапсырманы соңына дейін орындады. Әскерилер қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Сабақтар жауынгерлер үшін практикалық іс-қимылдар мен жаңа форматта өтті. Атап айтқанда, әскери қызметшілер үшін қызметтік-жауынгерлік әрекеттің түрлі бағыттары бойынша дайындалған бейнероликтер көрсетілді.

Оқудың алғашқы күнінде ұландықтарға сабақтар мемлекеттік-құқықтық және жауынгерлік дайындық, қару-жарақ пен әскери техниканы қолдану мен кешенді күтім көрсету, сондай-ақ, алғашқы медициналық көмек көрсету, ату және дене шынықтыру дайындығы, парктік-шаруашылық жұмыстарды жүргізу кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау бойынша өткізілді.

Мемлекеттік-құқықтық дайындық тақырыбы Мемлекет басшысы қаңтар оқиғасынан кейін көтерген еліміздегі ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және әскердің жауынгерлік дайындығын көтеруге арналды.

Бұл тұрғыда бүгінгі күні Ұлттық ұлан құқықтық тәртіп әскерін санды әрі сапалы түрде нығайту бойынша тапсырмаларды орындауға кірісіп кетті. Қажетті есептер жасалып, ұландықтарды материалдық және техникалық тұрғыдан жарақтандыруға тиісті ұсыныстар жасалды. Өңірлерде арнайы мақсаттағы бөлімшелердің көлемін арттырып, қосымша жеке құраммен толықтыру жоспарланған. Сонымен бірге инфрақұрылымды жаңартып, жаңа үлгідегі қару-жарақтар сатып алу көзделген.

Аталған жұмыс Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінің жеке құрамын жоғары жауынгерлік дайындыққа келтіруге және жеке құрамның істегі тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік бермек.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру