Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Оралда Ұлттық ұланның жауынгерлері қызметтік иттің көмегімен тапаншамен жүрген ер адамды ұстады

Оралда ҚР Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығы 5517 әскери бөлімінің әскери қызметшілері қала көшелерінің бірінде тапаншамен жүрген ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Оқиға 26 наурызда қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті қадағалау бойынша патрульдеу бағытында болған. Сол күні әскери жасақ бастығы Еламан Аманғұлов пен жасақ сақшысы Айбат Жеңіс Гагарин көшесінің бойында күдікті азаматты байқаған.

Ер адам тәртіп сақшыларын көрген сәтте бірден артындағы рюкзакты қар құрсауына лақтырып, өзі жасырынуға тырысқан.

Алайда Ұлттық ұлан жауынгерлерінің жедел қимыл-әрекетінің арқасында күдікті азамат қолға түсті.

Осы сәтте әскери жасақтар бойынша кезекші Нұрсұлтан Жүсіпов пен кинолог Рүстем Успанов оқиға орнына тез арада жетіп, Арго атты қызметтік иттің көмегімен тінту жүргізіп, рюкзакты тапқан.

Тексеру кезінде куәгерлердің қатысуымен рюкзактың ішінен түсіру кеудешесі, сигналдық тапанша және алты резеңке патроны бар магазин тәркіленді.

Одан кейін 47 жастағы жергілікті тұрғын полиция бөліміне жеткізілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру