Түркістан облысының полицейлері сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салған күдіктіні анықтады
Түркістан облысының полицейлері сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салған күдіктіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түлкібас АПБ-не жергілікті тұрғын арызданып келген. Онда өзінің танысына қолданыста болған «ДТ-75» маркалы тракторын және «Нива» маркалы комбайнын уақытша пайдалануға бергенін көрсеткен. Содан соң танысы транспорттарды талан-таражға салып, сатып жібергенін көрсетті. Келтірілген жалпы шығын көлемі бір миллион теңгеден астам. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 189-бабы (Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Аталған істің мән-жайын анықтау барысында тәжірибелі полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Нәтижесінде осы қылмысқа қатысты күдіктінің жеке басы анықталды. Ол көрші ауылдың тұрғыны болып шықты. Күдікті өзінің жасаған барлық кінәсін толық мойындап, қайтарып беретінін айтты. Қазіргі таңда тіркелген дерекке байланысты тергеу амалдары жүргізілуде. Бас шарасы қолхатта.
Тергеу барысында анықталғандай, жәбірленуші мен танысының арасында өзара келісім болған. Яғни, күдікті ер азамат оның барлық жұмысын жасап, жерін жыртып, көмек беріп жүрген. Бос уақытында шаруашылық техникаларын өзінің қажеттілігіне пайдаланған. Осындай бір жұмыс барысында аталған техникалар істен шыққан. Содан соң күдікті трактор мен комбайнның өзіне тиесілі емес екенін біле тұра, бөлшектеп, сатып жіберген. Техникаларды негізгі бағасынан 10 есе арзанға саудалап, ақшасын бас пайдасының қажеттілігіне жұмсаған.
Өз кезегінде полицейлер тұрғындарды барынша сақ болуға шақырады. Таныс емес адамдарға сенбеу керектігін ескертеді. Қандай да бір құқықбұзушылықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада «102» нөмірі арқылы тәртіп сақшыларына хабар беріңіз. Полиция қызметкерлері сіздерге көмек беруге әрдайым дайын.