Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысы төмендеді

Түркістан облысында бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысы 53,8 пайызға төмендеген, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қылмысқа қарсы күрес, тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы жан-жақты ақпаратпен бөлісу үшін Түркістан облысы Полиция департаменті қызметкерлері атқарып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып өтсек. Соның ішінде “Ұрлық түбі – қорлық” екенін еске салып, өткен жылдағы бөтеннің мүлкін ұрлау бойынша сандарды сөйлетсек: Түркістан облысында кең тараған қылмыстардың бірі – бөтеннің мүлкін ұрлау. Дегенмен қуантарлығы тәртіп сақшыларының тынымсыз тірлігінің арқасында бұл қылмыс азайып келеді.

Ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2019-2020 жылдарға арналған бағдарламаны іске асыруда мүдделі органдармен бірлесіп, кешенді іс-шаралар жүргізудің нәтижесінде, өткен жылы облыс бойынша өзгенің мүлікін жымқырудың тіркелуі 53,8 пайызға төмендеген. Мәселен, 2019 жылы бөтеннің мүлкін ұрлау бойынша 3639 ұрлық тіркелсе, 2020 жылы 1680 жайт тіркелген.

Ал тіркелген ұрлықтардың басым бөлігі облыс орталығында болған. Осыған байланысты қылмыс жасауға бейім адамдар және бұрын шартты түрде сотты болғандармен тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Еліміздегі Рухани Астана атауына ие болған Түркістан қаласы – адамдардың өмір сүруіне қолайлы, қоғамдық тәртіп орнаған, қылмысқа жол берілмейтін қала санатына кіруі үшін “Түркістан – қауіпсіз қала” жобасы жүзеге асып келеді. Жобаның басты мақсаты – қылмыстың санын төмендету және оның жолын кесу.

Өз кезегінде тәртіп сақшылары тұрғындармен жиі кездесулер өткізіп, әлеуметтік желілер арқылы келіп түскен өтініштерді де ескерусіз қалдырмайтындықтарын жеткізуде.

Осылайша, Полиция Департаментіндегілер нәтижені бұдан әрі жақсартамыз деген сенімде. Ол үшін тұрғындар тарапынан да өз мал-мүлкіне сақтықпен қарау ұсынылады. Бағалы заттарыңыз ұры-қарылардың қолына оңай түспесін десеңіз, барынша абай болыңыз деп кеңес береді. Қауіпсіздік шараларын ескеріңіз. Мүмкіндігінше бейнебақылау камералары мен дабылқаққыштардың көмегіне жүгініңіз деп ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру