Түркістан облысының полицейлері Toyota Camry 70 жүргізушісін жауапқа тартты
Түркістан облысының полицейлері Toyota Camry 70 жүргізушісін жауапқа тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде полиция қызметкерлері Түркістан қаласының көшелерінде жол ережесін өрескел бұзған Тойота Камри 50» және Тойота Камри 70 автокөліктерінің жүргізушілерін анықтаған болатын.
Алдымен тәртіп сақшылары Тойота Камри 50 көлігінің жүргізушісін анықтап, жігітті ҚР ӘҚБтК-нің төрт бабы бойынша жауапқа тартты. Оның көлігі айыптұрағына қойылып, жиналған материалдар тиісті шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Құқық бұзушыны ұстау үшін белгілі бір уақыт қажет болды, өйткені полицейлер құқық бұзушы көлігінің мемлекеттік нөмірінің болмауына байланысты аймақтағы барлық ұқсас көліктерді тексеруге мәжбүр болды. Дегенмен, екі тәулік өткен соң, патрульдік полиция инспекторларымен одан әрі жан-жақты жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, жол қозғалысы ережесін бұзушы Тойота Камри 70 автокөлігінің жүргізушісі анықталды. Ол Түркістан қаласының тұрғыны болып шықты, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің төрт бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Олар: 230-бап (ҚР міндетті сақтандыру туралы заңнамасын бұзу), 590-баптың 1-бөлігі (Ұлттық стандарт талаптарына оқылмайтын немесе сәйкес келмейтін немесе көзделген орындардан тыс белгіленген мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері (белгісі) бар тіркелген көлік құралын басқару), 603-баптың 1-бөлігі (Көлік құралына арнайы жарық және (немесе) дыбыс сигналдарын беруге арналған құрылғыларды орнату қағидаларын бұзу) және 613-баптың 1-бөлігі (Ішкі істер (полиция) органдары қызметкерінің талаптарын орындамау, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан өтуден жалтару). Сондай-ақ құқық бұзушының автокөлігі айыптұрағына қойылды.
Әкімшілік іс жүргізу материалдары Түркістан қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына заңды шешім қабылдау үшін жолданатын болады.
Түркістан облысының полицейлері жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға және маневр жасау ережелерін бұзбауға, жылдамдықты асырмауға және қарсы қозғалыс жолағына шықпауға шақырады. Жолда абай болыңыз және қашықтықты сақтаңыз!