Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері тұрғын үйлерге ұрлыққа түскен екеуді ұстады

Түркістан облысының полицейлері тұрғын үйлерге ұрлыққа түскен екеуді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мақтаарал АПБ-не жергілікті тұрғындар арызданып, тұрғын үйлеріне белгісіз біреулер ұрлыққа түскенін хабарлайды. Жәбірленушінің бірінің айтуынша, оның шкаф сөресінде тұрған алтын бұйымдарын ұрылар жымқырып кеткен. Келтірілген шығын көлемі 200 мың теңгені құрады. Келесі шағым түсірген әйел болса, үйіне заңсыз кіргендер теледидар, ыдыс-аяқ, жылыту пеші, спорттық аяқ киім мен бейнебақылау камерасының аппаратын ұрлап, 500 мың теңгеге жуық шығын келтіргенін жеткізді. Аталған жайттар сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркелді.

Үйлерге ұрлыққа түскен ұрыларды ұстау мақсатында, аудандық тәжірибелі полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшылары оқиға орнын мұқият тексеріп, көрген-білгендерден жауап алады.

Тыңғылықты жүргізілген тексеру жұмыстарының нәтижесінде полицейлер, күдіктілердің жеке басын анықтап, көшелердің бірінен ұстады. Олар бір-біріне туыс болып келетін жергілікті тұрғындар болып шықты.

Тергеу барысында анықталғандай, күдікті екеу алдын ала сөз байласып, оңай жолмен ақша таппақ болған. Осылайша екі үйге ұрлыққа түсіп, қолдарына ілінгенін алып кеткен. Мұнымен қоймай үшінші тұрғынның көліктеріне ұрлыққа түспек болғаны белгілі болды. Нақтырақ айтсақ, арызданушының ауласында тұрған «Даево Джентра» маркалы көлік пен «Хюндай Акценттің» ішінен жалпы бағасы 150 мың теңгеден асатын екі дана бейнетіркегіштерін жымқырып, шығып бара жатқан кезде, оны үй егесі байқап қойып, айқайлаған. Ұрылар қорыққандарынан қолдарындағы заттарды лақтырып қашқан. Күдіктілер өз кінәларын толық мойындап отыр. Олардан айғақты зат ретінде ұрланған заттар тәркіленіп алынып, заңды иелеріне қайтарылды. Күдіктінің екеуі де қамауда. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болу және өз үйлерін қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Сіздің мүлігіңізге қылмыстық қол сұғушылықты болдырмау үшін, терезелер мен есіктерді темір торлармен және сенімді құлыптармен бекіту керек. Тіпті аз уақытқа болсын үйден шықсаңыз, сыртқы есіктер мен терезелерін мықтап жауып жүріңіз. Сондай-ақ мүмкіндігінше үйлер мен кіреберістерде бейнебақылау камералары мен күзет дабылын орнатыңыз. Пәтер ұрлығы болған жағдайда, жедел түрде «102» телефоны бойынша полицияға хабарласу қажет, бұл полиция қызметкерлеріне қылмысты «ізін суытпай» ашуға көмектеседі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру