Түркістан облысының полицейлері тұрғынның ауласынан сора тапты
Түркістан облысының полицейлері тұрғынның ауласынан сора тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен Түркістан қалалық Полиция басқармасының полицейлері жедел-іздестіру іс-шарасы барысында облыс орталығында есірткі затына ұқсас өсімдіктердің егілгені жөнінде хабарлама алды. Ақпарат алысымен тәртіп сақшылары тексеруге шықты. Полицейлер тінту кезінде күдікті тұрғынның үйінің ауласынан 6 түп есірткі затын тауып, тәркілеп алды. Сараптама қорытындысына сәйкес алынған түптер «сора» болып шықты. Аталған жайт СДТТБТ-ға ҚР ҚК-нің 300-бабы (Құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру) бойынша тіркелді.
Полицейлер аталған есірткіні егіп, күтіп-баптаған ер адамды Түркістан ҚПБ-ға жеткізді. Бас шарасы «қолхатта». Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері күдіктінің тыйым салынған және есірткі заты бар өсімдікті қандай мақсатта өсіргенін анықтауда.Түркістан облысының полиция қызметкерлері есірткінің заңсыз айналымын жедел-іздестіру және алдын алу іс-шаралары аясында бірқатар қылмыстарды ашып, есірткі сатқан, еккен, сақтаған күдіктілерді құрықтауда. Сондықтан сізде, есірткі бойынша қандай да бір ақпараттарды білсеңіз бірден полицияның «102» нөміріне хабарласыңыз. Бұл өз кезегінде есірткіге байланысты қылмыстардың азаюы мен жолын кесуге септігін тигізеді.