Түркістан облысының полицейлері тұрғынның телефонын ұрлаған күдіктіні анықтады
Түркістан облысының полицейлері тұрғынның телефонын ұрлаған күдіктіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, такси көлігінде оның Samsung А21S телефонын белгісіз біреу жымқырып кеткен. Келтірілген шығын көлемі – 80 мың теңге.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алды. Тәжірибелі тәртіп сақшылары тұрғынның арызы негізінде бірден іске кірісті. Куәлардан сұрастырды. Нәтижесінде жинақталған ақпарат көздері арқылы бір тәулікте күдіктінің жеке басы анықталды. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты.
Белгілі болғандай, күдікті жәбірленушімен бір көлікке отырып, оның телефонын байқатпай қолды еткен. Сезікті ер адам бөтеннің мүлкін өзі пайдаланып жүргені, сатып үлгермегені анықталды. Тәртіп сақшылары айғақты зат ретінде телефонды тәркілеп, заңды иесіне қайтарды. Қазіргі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.