Түркістан облысының полицейлері туысының малын ұрлағандарды ұстады
Түркістан облысының полицейлері туысының малын ұрлағандарды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші өз арызында түнгі уақытта мал қорасында қамаулы тұрған жерінен үш бас қошқарын белгісіз біреудің ұрлап кеткенін көрсеткен. Жәбірленуші ер адамға келтірілген шығын көлемі – 180 мың теңге.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Тәртіп сақшылары хабар алысымен оқиға орнына жедел жетіп, ұрлық жайты орын алған аумақтың барлығын жіті тексеріп, куәлардан жауап алды. Тыңғылықты жүргізілген іздестіру жұмыстары оң нәтиже беріп, күдікті ретінде екі ер адам анықталды. Олар Сарыағаш ауданының тұрғындары болып шықты.
Малдарды ұрлағандардың бірі жәбірленуші ер адамның туысы болып шықты.
Белгілі болғандай, ол материалдық пайда табу мақсатында өзінің сыбайласын ертіп, Жетісай ауданына түнгі уақытта келген. Содан туысының тұрғын үйінен алыс орналасқан қорадан малдарды артып әкеткен. Одан кейін ұрланған малдарды мал союмен айналысатын тұрғынға 135 мың теңгеге сатып кеткен. Қазіргі таңда күдіктілерге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.