Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері туысының қойын жымқырған жігітті ұстады

Түркістан облысының полицейлері туысының қойын жымқырған жігітті ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Арыс АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып, жайылымнан бір бас қойы мен қозысын белгісіз біреу ұрлап кеткенін жеткізеді. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша тіркелді. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 70 мың теңгені құрады. Арыс АПБ ЖПҚ учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Ғалымжан Бижанов бірден ұрыны ұстауға кірісті. Қажетті шараларды жүргізіп, куәгерлерден жауап алды. Мал таситын көліктерді мұқият тексерді. Нәтижесінде келіп түскен ақпарат көздері арқылы ұрыны «ізін суытпай» сол күні анықтап, ұстады. Ол бұрын сотты болған жергілікті тұрғын, жәбірленушінің алыс туысы болып шықты.

Белгілі болғандай, күдікті мал бағып жүріп, өзінің пайдасы үшін өзгенің қойын жымқырып, қылмыстық ойын іске асырған. Содан ұрланған қой мен қозыны 45 мың теңгеге басқа ауылдасына сатып жіберген. Ақшасын өз қажеттілігіне жұмсап үлгерген. Тәртіп сақшылары қойларды айғақты зат ретінде тәркілеп алып, заңды иесіне қайтарды. Бүгінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Күдіктінің бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда. Бас шарасы «келу туралы міндеттеме».

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру