Түркістан облысының полицейлері заңсыз балық аулаған ер адамды ұстады
Түркістан облысының полицейлері заңсыз балық аулаған ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Келестік полицейлер аудан бойынша қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында күні-түні қызмет атқаруда. Тіпті арнайы түнгі топтар құрылып, олармен профилактикалық-рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Осындай кезекті рейд кезінде полицейлер мен Бірлік шекара қызметкерлері, Сырдария өзенінің жағасында заңсыз балық аулап отырған ер адамды анықтап, ұстады.
Полиция қызметкерлері оқиға орнында ер адамның балықты тыйым салынған электроток көмегімен аулап отырғанын анықтады. Жергілікті тұрғыннан бір дана электроток көбейткіш құрал, екі дана аккумулятор, резеңке қайығы, 30 келіге жуық балық алынды.
Аталған балықтар Шардарадағы балық өңдеу орталығына жөнелтілді. Табиғатқа залал келтірушіге қатысты ҚР ҚК-нің 335-бабымен (Балық ресурстарын және басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз аулау) қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері балық ресурстарын заңсыз аулау саласындағы табиғат қорғау заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.