Түркістан облысының полицейлері заңсыз балық аулаған ер адамды ұстады
Түркістан облысының полицейлері тыйым салынған құралмен заңсыз балық аулаған ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Арыстық полицейлер аудан бойынша қоршаған орта, яғни табиғатты қорғау, ондағы Қызыл кітапқа енген аң-құстардың, өсімдіктердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қарқынды қызмет атқаруда. Тіпті арнайы түнгі топтар құрып, олармен профилактикалық-рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Осындай кезекті рейд кезінде, Арыс АПБ ЖПҚ Табиғатты қорғау тобының инспекторы Жасұзақ Каукаев пен Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекторы Еркінбек Сейдуалиев екеуі Көксарай су қоймасынан заңсыз балық аулап отырған ер адамды анықтап, ұстады.
Полиция қызметкерлері оқиға орнында ер адамның балықты тыйым салынған электр тогымен аулап отырғанын анықтады. Жергілікті тұрғыннан бір дана электроток көбейткіш құрал, екі дана аккумулятор, резеңке қайық, сүзгіш, 10 келіге жуық балық алынды.
Табиғатқа залал келтірушіге қатысты ҚР ҚК-нің 335-бабымен (Балық ресурстарын және басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз аулау) қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері балық ресурстарын заңсыз аулау саласындағы табиғат қорғау заңнамасын бұзғаны үшін, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.