Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері заңсыз ойын бизнесінің жолын кесті

Түркістан облысының полицейлері заңсыз ойын бизнесінің жолын кесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Брифингте Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов Криминалдық полиция қызметкерлерінің Отырар ауданында заңсыз ойын бизнесін жойғаны жөнінде айтып өтті:

– Түркістан облысы Полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасы Отырар АПБ қызметкерлерімен бірлесіп, «СТОП-ОЙЫН» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру дерегін анықтады. Полиция департаментіне Шәуілдір ауылының екі қабатты ғимараттарының бірінде белгісіз адамдар электронды құмар ойындары бар ойын залын ұйымдастырғаны туралы ақпарат келіп түсті.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ғимараттың бірінші қабатында орналасқан ойын мекемесінен бірнеше келушілерді таптық, сондай-ақ ойын залының операторы Қызылордалық жас қызды ұстадық. Айғақты зат ретінде бес компьютер, принтер, сканер және 20 мың теңгеге жуық ақша тәркіленді. Аталған жайт 307-бап (Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру) бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптама тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда, – деп түйіндеді Құрманбек Сахов.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері заңсыз құмар ойындарды ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Егер де, сіз, осындай қылмыстар туралы ақпарат білсеңіз, тез арада полицияның «102» нөміріне хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру