Полицейлер зейнеткердің құжатын жаңартты
Төлебилік көші-қон полицейлері 79 жастағы ақ жаулықты анамыздың төлқұжатын жаңартып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төлеби АПБ-нің полицейлері аудан бойынша денсаулығы төмен және қарт кісілерге көмек беру мақсатында құрылған мобильдік топ мүшелері халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлерімен бірлесіп, бірнеше тұрғынның үйіне барды.
Көші-қондық полицейлер Төлеби ауданына қарасты, Екпінді ауылының тұрғыны, 79 жастағы әжеміз Әдепкул Әріпбекованың үйіне барды. Әжеміздің балалары көші-қон полицейлеріне төлқұжатының мерзімі өткенін айтқан.
Осыған орай, полицейлер халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлерімен бірге, егде жастағы анамызға жаңа төлқұжат табыс етті. 80-ге жақындаған әжеміз бірнеше жыл бойы денсаулығына байланысты үйінен шыға алмаған соң, полицейлер анамыздың үйіне апарып беруді жөн көрді.
Үлкенге құрмет көрсетіп қамқорлық танытқан тәртіп сақшыларына кейуанамыз үлкен алғысын білдірді.
– Менің төлқұжатымды жасап, үйіме алып келіп берген көші-қон қызметіне рахметімді айтамын!
Қарт анамыздың ақ батасын алған полицейлер әрі қарай өз жұмыстарын жалғастыра беретінін айтты.
Түркістан облысының полицейлері карантин режимін сақтай отырып, әрбір қала, аудандағы егде жастағы тұрғындардың жеке куәліктерінің мерзімі өткендерін қайта рәсімдеуге көмектесуде. Жүріп-тұруы қиын азаматтар мен қарттардың құжаттарын жаңартуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.