Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері жеңгетайлықпен айналысқандарды анықтады

Түркістан облысының полицейлері жеңгетайлықтың жеті жайтын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы ПД полицейлері жеңгетайлыққа, адам саудасына және басқа да құқықбұзушылықтарға қатысты қылмыстарды ашу, алдын-алу және ескерту бойынша тұрақты түрде жедел-профилактикалық іс-шара өткізіп отырады.

Маусым айындағы жедел-профилактикалық іс-шара барысында полицейлер моншалар мен қонақ үйлерді, ойын-сауық ғимараттарын және тағы да басқа жезөкшелер мен притондардың болуы ықтимал деген орындарды басты назарға алды. Облыс бойынша криминалды полиция басқармасының полицейлері арнайы тәжірибелі қызметкерлерден топ құрып, тексеру жұмыстары жүргізілді.

Осылайша, жедел түрде іске асырылған іс-шаралар кешенінің аясында полицейлер облыс аумағынан жеңгетайлық пен притон ұйымдастырудың жеті жайтын анықтап, жолын кесті. Аталған жайттар ҚР ҚК-нің 309-бабы «Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Мысалы, Сарыағаш қаласында жүргізілген жедел профилактикалық іс-шарасының қорытындысы бойынша полицейлер жергілікті екі қонақүйден притонды анықтады. Жедел уәкілдер анықталған қонақүйдің біріндегі притоннан ақшалай сыйақы үшін интимдік қызмет көрсеткен жеңіл жүрісті төрт қызды анықтады. Олардың барлығы Өзбекстан Республикасының азаматтары.

Сонымен қатар, полиция қызметкерлері Сайрам ауданында да екі жайтты тіркеді. Оның бірі сауна да болса, келесісі қонақүйден анықталды. Ал, бұл аудандағы қонақүйде сегіз жеңіл жүрісті қыздар бар болып шықты. Оның біреуі Өзбекстан Республикасының азаматшасы болса, қалғандары жергілікті тұрғындар. Жоғарыда аталған притон мен жеңгетайлықты ұйымдастырған әйелдер де ұсталды. Осы ғимараттарды жалға берген иесі жауапқа тартылып, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 450-бабымен «Көрінеу жезөкшелікпен айналысу немесе жеңгетайлық үшін үй-жайлар ұсыну» хаттама толтырылды. Дәл осындай теріс қылық Мақтаарал, Қазығұрт, Жетісай аудандарында бір жайттан анықталып, тіркеуге алынды.

Сондай-ақ, тәртіп сақшыларымен 30-дан астам жеңіл жүрісті қыздар және 10 адам «Жеңгетайлықпен» есепке алынды. Барлық аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Түркістан облысының полицейлері ескертеді: егер де сіз адам саудасына қатысты қылмыстың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, қандай-да бір ақпарат білсеңіз, «102» телефоны бойынша полицияға хабарласыңыз. Оған қоса, полицейлер жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастырғаны немесе ұстағаны үшін, сондай-ақ пайдакүнемдік мақсаттағы жеңгетайлық үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделгенін ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру