Түркістан облысының полицейлері жоғалған 15 жастағы қызды тапты
Түркістан облысының полицейлері жоғалған 15 жастағы қызды тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Арыс аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданады. Әйелдің айтуынша, оның 15 жасар қызы мектептен тісімді емдетемін деп сұранып кетіп, содан із-түзсіз жоғалған. Ата-анасы өздігінен екі күн бойы іздеп, таппағаннан кейін полицейлерден көмек сұраған.
Аталған хабарламаны алысымен полицейлер бірден іздеуге кіріседі. Хабар-ошарсыз кеткен жасөспірім қызды табу мақсатында, қажетті барлық шараларды жасайды. Көрген-білгендерден сұрастырады. Баруы мүмкін жерлер мұқият тексеріледі. Достарынан, туыстарынан жауап алынады. Жақын аумақтағы аулалар қаралады. Тәртіп сақшылары жасөспірім қыздың дін-аман табылуы үшін күн-түн деместен жедел-іздестіру шараларын атқарады. Осылай жан-жақты екі тәулік бойы жүргізілген іздестіру жұмыстары барысында, жедел уәкілдер жасөспірімнің жүрген жерін анықтайды. Арыс қаласының көшелерінің бірінен қызды тауып, ата-анасына аман-есен табыстайды.
Тексеру барысында, жасөспірім қыз отбасылық кикілжіңнен қашып, бірнеше күн қаладағы аулалардың бірінен жасырынатын қуыс тауып алып, сонда далада қонып келгенін жеткізді. Қазіргі таңда оқушы қыздың ата-анасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабымен шара көру мәселелері қаралуда. Одан бөлек, 15 жастағы бойжеткеннің бұдан алдында бір рет үйінен кетіп қалғаны белгілі болды.
Өз кезегінде оқушының ата-анасы полицейлерге шынайы ризашылығын жеткізе отырып:
– Өзіміз іздедік, таппадық. Полицейлерге хабарласып, олар күні-түні ұйықтамай соңында қызымызды тауып берді. Қызымызды табуға атсалысқан полицейлердің барлығының қырағылығына, кәсіби шеберлігіне тәнтіміз. Жұмыстары алға бассын!, – деп атап өтті.
Түркістан облысының полицейлері ата-аналарға ескертеді: жасөспірім балалардың мінез-құлқын бақылап, араласатын достарының кім екенін толық білу керек. Балаларға қатысты түрлі келеңсіз жағдайдың алдын алу үшін, олармен шынайы әңгімелесіп, досындай сырласу қажет. Егер де, сіз, жақыныңызды жоғалтып алсаңыз, уақыт өткізбестен бірден полицияның «102» нөміріне хабарласыңыз.