Түркістан облысының полицейлері жоғалған қарияны тауып, отбасына қайтарды
Түркістан облысының полицейлері жоғалған қарияны тауып, отбасына қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ордабасы АПБ-нің тәртіп сақшылары күнделікті қоғамдық тәртіпті сақтау барысында қызмет атқарады. Осындай кезекті жұмыс күнінде полицейлер түнгі уақытта аудан тыныштығын бақылап жүріп, түнгі сағат 02:00 шамасында көше бойында келе жатқан қарт кісіні байқайды. Полиция қызметкерлері бірден қарияның жанына келіп, оның қайда тұратынын, беймезгіл уақытта көшеде жалғыз неге жүргенін сұрайды. Нақты жауап ала алмаған полицейлер атаны полиция бөліміне жеткізіп, кезекші бөлімге хабарлап, жедел-іздестіру шараларын жүргізді.
Қарт кісінің туыстарын табу мақсатында көше-көшені аралап, тұрғындардан сұрастырды. Нәтижесінде қарияның Арыс ауданының тұрғыны екенін анықтайды. Осылайша, тәртіп сақшылары атайды отбасына аман-есен табыстады.
Өз кезегінде атасының дін аман табылғанына қуанған немересі полиция қызметкерлеріне шексіз алғысын білдірді.
Тәртіп сақшылары тұрғындарға егде жастағы туыстарын үнемі бақылауда ұстау керектігін түсіндірді. Жақындарыңыз немесе туыстарыңыз адасып, жоғалған жағдайда тез арада «102» телефоны арқылы полицияға хабарласыңыздар.