Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері жол апатына ұшыраған жүргізушіге көмектесті

Түркістан облысының тәртіп сақшылары жол апатына ұшыраған қырғызстандық азаматқа көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

2021 жылғы 12 қаңтарда шамамен кешкі сағат 22.30-да Бәйдібек ауданының аумағындағы Шымкент-Самара тас жолының 56 шақырымында «Вольво» маркалы ауыр жүк көлігінің жүргізушісі рөлді басқара алмай, көлік аударылып қалған.

Оқиға орнына жеткен Бәйдібек ауданының ПБ полицейлері көлік тізгінінде отырған шетелдік азаматқа автокөлікті қайта тұрғызуға көмектесіп, оны айыппұл тұрағына жеткізді. Көкөністер тиелген бұл автокөліктің Қырғызстан Республикасынан Ресей Федерациясына қарай бағыт алғаны анықталды. Жол апаты салдарынан қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Жүргізушіге тиісті медициналық көмек көрсетілді.

Полиция қызметкерлері Қырғызстан Республикасының азаматы болып табылатын көлік жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы (Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы) бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Жиналған материалдар тиісті шешім қабылдау үшін сотқа жіберілетін болады.

Қырғызстан Республикасының азаматы полицейлердің көрсеткен көмегіне өз ризашылығын жеткізді.

– Түнде трассада менің көлігім аударылып қалды. Сол сәтте дер кезінде көмекке келіп, мені құтқарып қалған полицейлерге алғыс айтамын! Мені тамақтандырып, медициналық көмек те көрсетті. Аударылған көлігімді қайтадан тұрғызып берді. Полицейлерге үлкен рақмет! – деді ол.

Өз кезегінде, тәртіп сақшылары автокөлік иелерін жолда, әсіресе ауа-райының қолайсыз кезінде және көктайғақта абай болуға шақырады. Сондай-ақ жол қозғалысы ережелері мен арақашықтықты сақтау туралы ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру