Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері жол ортасында есінен танған тұрғынға алғашқы көмек көрсетті

Түркістан облысының полицейлері жол ортасында есінен танған тұрғынға алғашқы көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысының патрульдік полиция қызметкерлері күнделікті рейдтік шараларын тұрақты түрде жалғастыруда. Осындай шара барысында патрульдік полицейлер Қанат Айнабеков пен Нұрлан Құжанов екеуі Түркістан қаласының С.Ерубаев көшесінің бойын патрульдеу кезінде, жолдың қақ ортасында «BMW» маркалы автокөліктің тоқтап тұрғанын байқайды. Себебін анықтау мақсатында көлік жанына жақындайды. Сол сәтте жүргізушінің ауыр халде жатқанын көріп, бірден жедел жәрдем қызметіне хабар берген. Халықтың қамы үшін әрдайым алаңдап тұратын тәртіп сақшылары жедел жәрдемді күтіп тұрмастан, қала тұрғынына қолдан келгенше алғашқы көмек көрсетіп, жүрек тұсына массаж жасаған. Көп ұзамай жедел жәрдем қызметі келіп, ауруханаға алып кеткен.

Өз кезегінде Бабишев Мұраттың әкесі полиция қызметкерлерінің адал еңбектеріне көңілі толып, өз алғысын жеткізді.

– Осыдан 5-6 күн бұрын ұлым С.Ерубаев көшесінің бойында өзінің көлігімен келе жатқан. Сол мезетте денсаулығы күрт нашарлап, есінен танып қалыпты. Баламды көрген полицейлер тез арада жедел жәрдемге хабар беріпті. Алғашқы медициналық көмекті де көрсетіпті. Қазіргі таңда баламның жағдайы жақсы. Емханада ем алып жатыр. Осы Нұрлан мен Қанат балаларыма, алғысым шексіз. Алдағы жұмыстарына тек жақсылық, табыс, береке тілеймін, – деп жүрекжарды сөзін айтты.


Сонымен қатар Бабишев Мұраттың өзі де рақметін айтты.

– Мен, денсаулығыма байланысты есімнен танып қалдым. Әуелі Алла, одан соң Түркістан облысының полицейлерінің арқасы, аман қалдым. Сіздерге үлкен ризашылығымды білдіремін.


Полиция қызметкерлері қоғам тыныштығымен қатар, тұрғындардың денсаулықтарын да баса назарда ұстайды. Кез келген қиындықта жандарынан табылып, барлық мәселелерін шешуге, қандай да бір сұрақтары болса бірге жауап іздейді.

Тәртіп сақшылары – біздің қорғанымыз, мақтанышымыз. Осы тұста біз де, ел қамын ойлайтын, елім деген азаматтар қатары көбейе берсін демекпіз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру