Түркістан облысының полицейлері жол қозғалысы ережесін бұзған ресейлік көлікті ұстады
Түркістан облысының полицейлері жол қозғалысы ережесін бұзған ресейлік көлікті ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол қауіпсіздігі ережесінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында, Түркістан облысының полицейлерімен үнемі рейдтік-профилактикалық іс-шаралар атқарылады. Онымен қоса әлеуметтік желілерге тұрақты мониторинг жүргізіледі. Осындай кезекті тексеру кезінде полицейлер, Instagram әлеуметтік желісінде Dew Nexia ресейлік автокөліктің жол ережесін өрескел бұзғанын анықтады. Яғни, көлік жүргізушісі жолдың қарсы бағытына шығып кеткені бейнежазбаға түсіп қалған.
Осы заң бұзушылықты жасаған жүргізушіні анықтау үшін тәртіп сақшылары бірден іске кірісті. Тексеру барысында оқиға Сайрам ауданы көшелерінің бірінде орын алғаны белгілі болды. Ал жол жүру қағидасын бұзған Мақтаарал ауданының тұрғыны болып шықты. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабы 3-бөлігімен (Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама түзіліп, автокөлік айыптұраққа қойылды. Жинақталған материалдар аудандық сотқа заңды шешім қабылдауға жолданды.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері барлық көлік жүргізушілеріне жол қозғалысы ережесін мұқият сақтап, абай болуға кеңес береді. Жол үстінде жасалған кез келген қателіктің соңы орны толмас қайғыға әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан тәртіпке бағынуды ескертеді.