Түркістан облысының полицейлері жүргізушілерге жолда абай болуды ескертеді
Түркістан облысының полицейлері жүргізушілерге жолда абай болуды ескертеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысында соңғы күндері ауа райы нашарлап, күн суытып, кейбір аймақтарда жауын жиі түсуде. Соның салдарынан республикалық маңызы бар Алматы – Ташкент – Термес, Батыс Қытай – Батыс Еуропа тас жолының беткі қабаты көліктің жарықшамына шағылысып, түнгі уақытта жүргізушінің көру қабілетіне әсерін тигізсе, күндізгі уақытта автокөлік дөңгелектерінің тайып, жол жиегіне шығып кетуі қаупін тудырып жатыр.
Сондықтан ауа райының қолайсыздығына байланысты және жол апатының алдын алу мақсатында Түркістан облысының бас полицейі Мұрат Қабденов полицейлерге облыстағы барша жолдарды тәулік бойы үздіксіз патрульдеуге тапсырма берді.
Облыс полицейлері тұрғындарға және көлік жүргізушілеріне ауа райының қолайсыздығына байланысты ұзақ жолға шықпауды, көлікті қауіпсіздік үшін мерзімге сай жабдықталуын және әрқашан жол қозғалысы ережесін сақтауды ескертеді!
Жылдамдық режимін, сондай-ақ автомобильдер арасындағы қауіпсіз қашықтықты сақтау маңызды, бұл жолдағы күтпеген апаттың алдын алуға көмектеседі.