Түркістан облысының полиция қызметкерлері сауда орнынан киім ұрлаған күдікті әйелді ұстады
Түркістан облысының полиция қызметкерлері сауда орнынан киім ұрлаған күдікті әйелді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан ҚПБ-на Кентау қаласының тұрғыны арызданған. Ол әйелдің айтуынша, Түркістан қаласында орналасқан орталық базарлардың бірінде өзінің жұмыс жасайтын сауда орнынан белгісіз біреу сыртта тұрған маникеннен бір дана күртешені ұрлап кеткенін көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 30 мың теңге.
Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Хабар алысымен тәжірибелі полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, бірден іздестіру шараларын бастап кетті. Куәгерлерден жауап алып, айналаны бір шолып шықты. Бейнебақылау камераларын жіті бақылап, нәтижесінде күдікті азаматшаны анықтады. Ол бұрын ұрлық жайты бойынша сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты.
Айғақты зат ретінде ұрланған күртеше тәркіленіп алынып, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда аталған жайт бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті әйелдің бас шарасы қолхатта.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті күндізгі сағат 15:30 шамасында базар маңын бір шолып шығып, адамдардың саябырсуын күткен. Содан соң өзінің арам ойын іске асыру мақсатында айналаға бір қарап, күртешені маникеннен шешіп алып, қаша жөнелген. Күдікті әйел қолды қылған затын өзі пайдаланбақ болып шешкен, алайда арам ойы іске аспады.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қылмыстық қолсұғушылықтан қорғанып, өз мүлкіне ұқыпты болуын ескертеді. Әсіресе, сауда орындарының қауіпсіздігі мен күзетіне ерекше мән беріп, дүкендерге мықты есік, терезелерге темір тор орнатып, ғимаратты бейнекамералар және дабыл жүйесімен қамтамасыз етуді сұрайды. Егер де, сіз, ұрлық немесе тонаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, онда тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыздар.