Түркістан облысының тәртіп сақшылары қар құрсауында қалған жүргізушілерді құтқарды
Полицейлер боранда жолда қалған 20-дан астам көлік пен 31 жолаушыға көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түлкібас ауданынан кесіп өтетін Шымкент – Тараз бағытындағы Алматы – Ташкент – Термез автожолының 601-шақырымындағы Шақпақ ауылының маңы мен осы автожолдың 654-шақырымындағы Машат асуы полицейлермен жабылып, 2 блокбекет қойылды.
Сондай-ақ Бәйдібек ауданындағы облыстық маңызы бар Шаян – Ағыбет, Шаян – Ақбастау, Шаян – Мыңбұлақ, Шаян – Бірлік – Кеңестөбе автожолдары жабылып, қосымша 4 блокбекет қойылды.
Тәртіп сақшылары боран соғып, жолдың көруі нашарлауына байланысты адасып кеткен және автокөліктің қозғалуына мүмкіндік болмай жолда тұрып қалған жолаушыларды құтқаруда.
Мәселен, Бәйдібек ауданы аумағындағы ішкі жолдарда аудан полицейлерімен 17 автокөлікке көмек көрсетіліп, 6 автокөлік кері қайтарылды.
Республикалық маңызы бар Алматы – Ташкент – Термез автожолының 635 шақырымында патрульдік полиция батальонының қызметкерлерімен Қарашық ауылы маңында Түркістаннан Алматы бағытына қарай жолға шыққан Alphard көлігі 6 жолаушысымен бірге, 3 жеңіл автокөлік 5 жолаушысымен бірге (2 жасөспірім 14-16 жас шамасындағы, қалғаны ересектер), көмек көрсетілді.
Түркістан облысының полицейлері департамент басшысы Мұрат Қабденовтің тапсырмасымен 11 желтоқсаннан бастап маңызы бар жолдарда патрульдеу мен ауа райының құбылуына байланысты жолаушыларға көмек көрсету жұмыстарын тәулік бойы жүргізіп жатыр.
Сақшылар тұрғындарға ауа райының қолайсыз болуына байланысты алыс жолға шықпау керектігін ескертеді.