Түркістан облысының тұрғындары полицияға 50-ге жуық қару тапсырды
Түркістан облысының тұрғындары полицияға 50-ге жуық қару тапсырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысында 10 сәуірден бастап атыс қаруы мен жарылғыш заттарды қолдана отырып жасалатын қылмыстар, құқық бұзушылықтардың алдын алу, тұрғындарда заңсыз сақталудағы атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу акция өткізіліп жатыр.
Мәселен, акцияның 8 тәулігінде Түркістан облысының тәртіп сақшыларына 36 тұрғын келіп, өз еріктерімен 49 отты атыс қару тапсырған. Оның ішінде 43-і тегіс ұңғылы аңшы мылтығы болса, алтауы ойық кіші калибрлі мылтық пен 700-ден астам түрлі оқ. Қазіргі уақытта мылтықтар сараптамаға жіберілді, нәтижесінде азаматтарға ақшалай қаражат төлеу туралы шешім қабылданады.
– Қару-жарақ заттарын өз еркімен тапсырғаны үшін мемлекет қарудың әрқайсысы үшін тиісті төлемін жасайды. Бүгінгі таңда өз еріктерімен қаруларын полицейлерге тапсыратындар саны артып келеді. Сондай-ақ тұрғындарға ескертеміз, қаруды заңсыз сақтағаны үшін кез келген азамат заң аясында жауапкершілікке тартылады. Сондықтан қару сақтаудың, оны пайдаланудың жауапкершілігін сезініп, өз еріктеріңізбен тапсырсаңыздар жауапкершілікке тартылмайсыздар, – деп атап өтті Түркістан облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алмасхан Тастанбеков.