Түркістан облысының тұрғыны есірткі сатумен айналысқан
Түркістан облысының тұрғыны есірткі сатумен айналысқан, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Естеріңізге сала кетсек, 21-25 ақпан күндері аралығында Түркістан облысының аумағында «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізілді. Шараның негізгі мақсаты – медициналық мекемелерде есірткі құралдарының заңды айналымы саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау, сондай-ақ есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты қылмыстық қызметтің басқа түрлерін анықтау және жолын кесу.
Іс-шара кезінде тәртіп сақшылары 19 дәріхананы, 10 қойманы, алты кәсіпорын мен бес медициналық мекемені тексерді. Полицейлер дәрі-дәрмектерді рецептісіз беру жағдайларына тосқауыл қоюға ерекше назар аударды. Нәтижесінде, ҚР ӘҚБтК-нің 426-бабы (Фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласының қағидаларын бұзу) бойынша ережелерді бұзудың үш дерегі анықталды.
Сондай-ақ, жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, есірткі өткізудің үш жайты, есірткі құралдарын заңсыз сақтаудың бес жайты мен есірткі құралдарымен, психотроптық немесе улы заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзудың екі дерегі тіркелді.
Мәселен, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Түркістан облысы ПД криминалдық полициясы мен Түркістан облысы бойынша ҰҚКД бірлесіп, Түркістан – Қызылорда тас жолында Mercedes көлігін тоқтатты. Жедел уәкілдер тексеру кезінде жолаушының күртешесінің қалтасынан ішінде есірткі бар полиэтилен пакетін тапты. Күдіктінің айтуынша, ер адам есірткіні облыс орталығы тұрғындарының бірінен сатып алған.
Осылайша есірткі сатушының үйін тінту кезінде полицейлер оның сарайынан ерекше хош иісі бар есірткі затына ұқсас екі полиэтилен түйіншегін тәркіледі. Алынған заттай дәлелдемелер сараптамаға жіберілді. Қорытындыға сәйкес, есірткінің жалпы салмағы 200 грамм марихуана болып шықты.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 296-бабы 3-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) мен ҚК-нің 297-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау) бойынша тіркелді. Күдіктілер қамауға алынды. Бүгінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Заңсыз айналымнан барлығы 200 грамнан астам есірткі заттары, заңды айналымнан 30 таблеткалы, 1000 ампулалы психотроптық дәрі-дәрмектер мен бір тоннадан астам прекурсорлар тәркіленді.