Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында заңсыз айналымнан 1,7 тоннадан астам түрлі прекурсорлар алынды

Павлодар облысында заңсыз айналымнан 1,7 тоннадан астам түрлі прекурсорлар алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

“Дәрмек” операциясының бірінші кезеңін өткізу барысында Павлодар облысының есірткі полицейлері есірткінің заңсыз айналымына байланысты 11 қылмысты анықтады.

“Дәрмек” профилактикалық операциясы барысында есірткі мен психотроптық заттарды сатып алу, сақтау, жою, есепке алу және пайдалану ережелерін бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу мәніне емдеу-профилактикалық және медициналық мекемелерді, дәріханаларды тексеруге басты назар аударылды.

– Қорытындысы бойынша аса ірі мөлшерде өткізу, сақтау және есірткі, психотроптық және улы заттармен жұмыс істеу ережелерін бұзумен байланысты 11 қылмыс анықталды. Заңсыз айналымнан 2000-ға жуық ампула, 3 келі улы заттар және 1,7 тоннадан астам түрлі прекурсорлар алынды, – деп хабарлады Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңды айналымы саласында әкімшілік құқық бұзушылықтардың 10 фактісі анықталды.Мысалы, Павлодар қаласының емдеу-алдын алу мекемелерінің бірін тексеру кезінде есірткі құралдары мен психотроптық заттарды сақтау және есепке алу ережелерін бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, есірткі құралдарын сақтауға арналған үй-жай техникалық нығайту талаптарына сәйкес келмеді. Бұдан басқа, құрамында есірткі бар препараттарды тиісінше сақтамау және пайдалану фактісі анықталды.

Аталған фактілер бойынша ҚР ӘҚБК 426 және 427-баптары бойынша әкімшілік материалдар құрастырылып, шешім қабылдау үшін фармацевтикалық бақылауға жіберілді.

Осыған ұқсас бұзушылықтар Екібастұз қаласының емдеу мекемелері мен дәріханаларында, Аққулы, Тереңкөл аудандарында, сондай-ақ Шарбақты, Ертіс және Успен аудандарында тіркелген.

Павлодар облысында 21-25 ақпан аралығында “Дәрмек” кең ауқымды жедел алдын алу операциясының бірінші кезеңі өткізілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру