Түркістан облысының тұрғыны көршісінің 16 бас қойын жымқырып кетті
Түркістан облысының тұрғыны көршісінің 16 бас қойын жымқырып кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сауран ауданы ПБ-ға жергілікті тұрғынның бірі арызданып келген. Онда жәбірленуші ауласында орналасқан қорасынан 16 бас қойын белгісіз біреу жымқырып кеткенін көрсеткен. Келтірілген жалпы шығын көлемі – 1 млн. теңге.
Хабар түсісімен полицейлер мал ұрлығын жасаған күдіктіні анықтау мақсатында оқиға орнына жедел жетті. Тәртіп сақшылары қажетті шаралардың барлығын жасап, жәбірленушінің ауласын мұқият тексерді. Сонымен қатар, үй жануарларын тасымалдайтын көліктермен қоса, жақын маңдағы мал базарларды да түгел тексеріп шықты. Нәтижесінде, қойларды сатып алған азаматты анықтап, істің ақ-қарасын ажырату мақсатында одан жауап алды. Осылайша, күдіктінің жеке басын анықтаған полицейлер жедел-іздестіру шараларына кірісті. Аз ғана уақыттың ішінде күдікті ер адамның тұрғылықты мекенжайын анықтады. Содан соң бірден жинақталған ақпарат көздеріне сүйенген саурандық сақшылар күдіктіні үйінен ұстап, ПБ-ға жеткізді. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Белгілі болғандай, күдікті ер адам жәбірленушінің көршісі болып шықты. Ол түнгі уақытта тұрғындардың қалың ұйқыға кеткенін бақылап, 16 бас қойды жасырын түрде сыртқа алып шыққан. Содан соң таң бозарып атысымен мал базарға үй жануарларын тасымалдайтын автокөлік жүргізушісіне өзінің қойлары екеніне айтып, сендірген. Осылайша, өзінің арам ойын оңай іске асырамын деген күдіктіні полиция қызметкерлері тәулікке жеткізбестен ұстады.