Түркістан облысының тұрғыны көршісінің атынан несие рәсімдеп алған
Түркістан облысының тұрғыны көршісінің атынан несие рәсімдеп алған, – деп хабарлайды Polisia.kz
Түлкібас аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оның атынан белгісіз біреу ақшалай онлайн несие алып, 100 мың теңгеден астам шығын келтірген. Бір айдай уақыт өткен соң банктен несиеңізді төлеңіз деп хабар келгенде, жәбірленуші тез арада тәртіп сақшыларынан мән-жайды анықтауға көмек берулерін сұрады.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.
Арызданушының шағымына сәйкес, орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында түлкібастық тәртіп сақшылар қажетті іс-шараларды жүргізді. Тексеру жұмыстары нәтижесінде полицейлер осы қылмысқа қатысы бар күдіктіні анықтап, оны аудан көшелерінің бірінде жүрген жерінен тапты. Алаяқтық жасаған ер азамат жұмыссыз және жәбірленушінің көршісі екені белгілі болды.
Анықталғандай, жәбірленушіден қоңырау соғу үшін ұялы телефонын сұрап алған көршісі оның банк қосымшасымен несие рәсімдеп, арам ойын жүзеге асырған. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің басқа да осындай алаяқтық қылмысына қатысы бар-жоғы анықталуда.