Түркістан облысының тұрғынынан 2720 түп көкнәр тәркіленді
Түркістан облысының тұрғынынан 2720 түп көкнәр тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов бастаған тәжірибелі полицейлер жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде, ірі көлемдегі есірткі егістігін жойды.
– Бізге, ПД-нің полицейлеріне Сарыағаш ауданының тұрғыны есірткі егумен айналысады деген жедел ақпарат келіп түсті. Есірткіге қатысты қылмыстың алдын алу мақсатында тыңғылықты тексеру жұмыстарын жүргізу үшін ПД-ның тәжірибелі тәртіп сақшыларынан шұғыл топ құрдық. Бірден Сарыағаш ауданына іссапармен шығып, жан-жақты тексеру жүргіздік. Осылайша жинақталған ақпарат көздеріне сүйене отырып, күдіктіні анықтадық. Оның үйіне тінту жұмыстарын жүргіздік. Осылайша егде жастағы ер адамның үйінің артқы жағында орналасқан егістік алқабына егілген, күтіп-бапталған есірткіге ұқсас өсімдіктерді таптық. Айғақты зат ретінде күдіктіден 2720 түп өсімдікті тәркілеп, оларды сараптамаға жібердік. Сараптама қорытындысымен алынған түптер көкнәр өсімдігі болып шықты. Жергілікті тұрғынның есірткі егіп-өсіруі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда аталған жайт ҚР ҚК-нің 300-бабымен (Құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру) СДТБТ-ға тіркелді. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда, – деп атап өтті Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов.
Естеріңізге сала кетейік, 1 маусым мен 30 қазан аралығында есірткі қылмыстарын болдырмау мен алдын алу үшін «Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде.